Жаңалықтар

11 қыркүйек 2015
Мемлекет басшысы Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бесінші саммиті аясында Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевпен кездесті

 

Қазақстан Президенті кездесу барысында И.Әлиевке сапармен келіп, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысқаны үшін алғыс айтты.

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Әзербайжанның бауырлас халықтарын сан ғасырлар бойғы достық қатынастар байланыстыратынын атап өтті.

Біздің өзара қарым-қатынасымыз бір-бірімізге деген сенімді айғақтайды.  Менің ойымша, Қазақстанға Сіздің әрбір сапарыңыз –  елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың жаңа бір кезеңі. Бүгінде әлемдік экономика күрделі уақытты бастан өткеруде, алайда осындай жағдайдың өзінде біздің елдеріміз сауда-экономикалық салада тың байланыс көздерін жан-жақты іздестіру үстінде, – деді Мемлекет басшысы.  

Әзербайжан Президенті бауырлас Қазақстанға әрдайым зор ықыласпен келетінін айта отырып, екіжақты қарым-қатынастар өзара толық түсіністікке негізделгенін атап өтті.

И.Әлиев сондай-ақ барша Қазақстан халқын Қазақ хандығының 550 жылдығымен құттықтады.

Бүгінгі сөзіңіз, Қазақстанның тарихи өткені мен қазіргі дамуына жасаған талдауыңыз Сіздің елдің жеткен табыстарының ұлттық және тарихи тамыры өте тереңде жатқанын тағы бір мәрте көрсетіп берді, – деді Әзербайжан Президенті. 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де кездесулер мен қабылдаулар
Барлық кездесулер мен қабылдаулар