Жаңалықтар

11 қыркүйек 2015
Елбасы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысты

 

Іс-шараға Әзербайжан Республикасының Президенті Илхам Әлиев, Қырғыз  Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев, Түркия Ұлы ұлттық жиналысының спикері Исмет Йылмаз, Түрікменстан Үкіметінің вице-премьері Сапардұрды Тойлиев, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, зиялы қауым өкілдері, спорт, мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты.

Салтанатты жиынға қатысушылар алдында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеу – халқымыздың даңқты шежіресіне тағзым және қазіргі ұрпақ үшін тарихтан тағылым алу екенін атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі ұрпағы ел мәртебесін бұрын-соңды болмаған биікке көтеріп, ата-бабаларымыздың сан ғасырлық арманын жүзеге асырғанын айтты.

Қазақстан Президенті сондай-ақ 2 мың жылдан астам тарихы бар ежелгі Таразда бір айдан кейін Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған монумент салтанатты түрде ашылатынын мәлімдеді.

Қасиетті жеріміздің тарихы бірнеше мыңдаған жылдарға жалғасатынын есте ұстай отырып, бабалардың ерлік істеріне тағзым етеміз. Ол өзінің бірегей өрнегімен Еуразияның бұрынғы және қазіргі өркениеттерімен біте қабысып жатыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның жаһан жұртшылығына танымалдығын арттыра түсу үшін өткен тарихымыз бен келешек жолымызды саралаудың маңыздылығына назар аударды.

Әлемде кейбір халықтың ресми мемлекеттік атауымен қатар айрықша бейресми ұғымды қолдануының мысалы көп. Біздің киелі жерімізді ежелден Ұлы Дала, ал бізді Ұлы Дала перзенттері деп атаған, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Отанымыздың халықтық атауы оның өткенін, қазіргісі мен болашағын бейнелейтінін атап көрсетті.

Онда Қазақстанымыздың болмысы, оның негізгі қырлары көрініс тапқан.  Бұл – ақжарқындығымыз бен кең пейіліміз, жүрегіміздің жылылығы, қонақжайлық пен бейбітсүйгіштік, даналық пен байыптылық, еңбекқорлық пен жігерлілік. Бұл – өз күшімізге және туған мекенімізде бұған дейін болмаған өркендеуге қол жеткізу мүмкіндігіне деген сенім. Жаңа Қазақстанымыздың осы бейнесі әрбір қазақстандықтың санасы мен жүрегіне орнығып, бүкіл әлемге мойындалатынына сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы

Елбасының сөйлеген сөзінің толық мәтінін мына жерден қараңыз. 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге іс-шараларға қатысу
Өзге іс-шараларға қатысу