Жаңалықтар

7 мамыр 2018
Елбасы Отан қорғаушы күніне арналған әскери парадқа қатысты
Жамбыл облысы, Гвардейский кенті

Мемлекет басшысы «Отар» 40-шы әскери базасына келгеннен кейін оған парад қолбасшысы – Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Мұрат Бектанов әскери парадты өткізуге және аумақтық әскерлер құрамаларына жауынгерлік туларды тапсыру рәсіміне дайын екендігі жөнінде баяндады.

Қазақстан Президенті ардагерлерге, сарбаздар мен офицерлерге арналған сөзінде Қарулы Күштер қауіпсіздігіміздің басты кепілі, Отанымыздың бейбіт өмірі мен егемендігіміздің берік тірегі болып саналатынын атап өтті.

– Қазақстанның әскери қызметшілері – барлық дәуірдің тарихындағы ең сұрапыл соғыста фашизмді жеңген батыр бабаларымыздың жауынгерлік ерліктері мен даңқын жалғастыратын лайықты ұрпақ. Біз олардың туған жеріміздің өркендеуі мен бейбіт өмірімізді сақтау үшін көрсеткен көзсіз батырлығы мен өшпес ерлігін әрдайым жадымызда сақтаймыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы еліміздің дәйекті әрі бейбітсүйгіш саясат жүргізіп отырғанын атап өтті. Бұл орайда Қазақстан әскері тәуелсіздігімізді күзетіп, Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы аясында ұжымдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге табысты атсалысып жатыр, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы шеңберінде маңызды бітімгершілік функцияларды лайықты атқарып келеді.

Елбасы мемлекет тарапынан армиямызға мейлінше қолдау көрсетіліп, оның әлеуетін нығайтуға зор мән берілетінін, Қазақстан 2030 жылға қарай заманауи, мобильді әрі жоғары кәсіби армия жасақтау жөнінде мақсат қойып отырғанын атап өтті.

– Бұл үшін 2020 жылдан бастап қорғаныс саласына қажетті қаражат бөлінетін болады. Қауіпсіздікке төнетін жаңа сын-қатерлерге орай тиімді әрекет ету үшін Арнайы операциялардың жоғары мобильді күштері мен Аумақтық әскерлер құрылып, қорғаныс жүйесіне біріктірілді. Жаңа бөлімдер бүгін табыс етілген жауынгерлік туларды лайықты алып жүретініне сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.

Аумақтық қорғаныс бригадаларының жауынгерлік туларын облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдеріне тапсыру рәсімінен кейін Арнаулы операциялар күштерінің, Мемлекеттік күзет қызметінің, Ұлттық ұланның, Әскери-теңіз күштерінің арнаулы мақсаттағы отрядының, сондай-ақ аумақтық әскерлердің әскери қызметшілерінің шеруге қатысушы құрамдары сап түзеп өтті.

Заңсыз қарулы құрылымдардың шартты базасын жою жөніндегі тактикалық эпизодтарды орындау барысында «Точка-У» тактикалық зымыран кешені, «Град» және «Прима» дүркіндетіп отшашу зымыран жүйесі, МСТА-Б және Д-30 зеңбіректері, «Солнцепек» ауыр отшашқыш зымыран жүйесі, «Штурм-С» танкіге қарсы зымыран кешені және Ракета әскерлері мен артиллерияның басқа да қару түрлерінің мүмкіндіктері көрсетілді. Құрлық әскерлері және Әуе қорғанысы күштерінің әскерлері зымыран атып, бомба лақтырды, сондай-ақ барлық қару түрінен оқ атты. Әскери-әуе күштерінің майдандық және әскери авиациясының ұшақтары мен тікұшақтары аспанда әуе шайқасын көрсетті. «Жетісу Барысы» ұшқыштар тобы жоғары деңгейде шеберлік танытты.

Әскери парадқа 3 мыңға жуық жауынгер қатысып, 300 әскери техника мен қару-жарақ, 40 ұшу аппараты жұмылдырылды.

Соңында Мемлекет басшысы әскери техника мен қару-жарақтың заманауи үлгілерімен танысты, сондай-ақ далалық жердегі ұрыста көрсеткен шеберліктері, оқ ату сәтіндегі мергендіктері және жауынгерлік дайындықтары үшін парадқа қатысушылардың бәріне алғыс білдірді.

– Әскери парад сіздердің жауынгерлік шеберлік деңгейлеріңізді және даладағы жаттығуларға бейімделгендеріңізді нақты көрсетті. Парад Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жауынгерлік дайындығы мен кәсібилік деңгейінің одан әрі арта түсуіне септігін тигізеді деп сенемін. Баршаңызды Отан қорғаушы күнімен және алда келе жатқан Жеңіс күнімен құттықтаймын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге іс-шараларға қатысу
Өзге іс-шараларға қатысу