National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қауіпсіздік Кеңесі туралы


Қауіпсіздік кеңесі

Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі (бұдан әрі – Қауіпсіздік Кеңесі) «Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі туралы» 2018 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 1 бабына сәйкес ішкі саяси тұрақтылықты сақтау, конституциялық құрылысты, мемлекеттік тәуелсіздікті, аумақтық тұтастықты және халықаралық аренада Қазақстанның ұлттық мүдделерін қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Президенті құратын және Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету саласында бірыңғай мемлекеттік саясат жүргізуді үйлестіретін конституциялық орган болып табылады.

Қауіпсіздік Кеңесінің тарихы 1991 жылдан басталады, онда Қазақ КСР Президентінің 21 тамыздағы Жарлығымен Қазақ КСР-нің Қауіпсіздік Кеңесі құрылған болатын. Кейіннен ол Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 17 маусымдағы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қауіпсіздік Кеңесі болып қайта құрылды.

Қауіпсіздік Кеңесінің негізгі міндеттері мыналар:

      1) Президентке елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қорғаныс қабілетін нығайту, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын іске асыру, осы салалардағы мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қызметін үйлестіру жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдар енгізу;

      2) Президент үшін:

      соғыс жағдайын енгізу, ұзарту, күшін жою;

      төтенше жағдай енгізу, ұзарту, күшін жою;

      бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша халықаралық міндеттемелерді орындау үшін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін қолдану бойынша шешімдердің жобаларын әзірлеу;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының шешімдеріне сәйкес өзге де міндеттерді орындау болып табылады.

Қауіпсіздік Кеңесі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың елдің ұлттық қауіпсіздігі мен халықаралық ұстанымдарын, мемлекеттің қорғаныс қабілетін, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету саласындағы іс-шараларды іске асыру жөніндегі қызметін үйлестіреді, сондай-ақ заң жобаларын талдайды және өз құзыреті шеңберінде нормативтік құжаттардың орындалуын бақылайды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы болып табылады.

Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын Қазақстан Республикасының Президенті қалыптастырады.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің Басшысы, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы (бұдан әрі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы), Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі лауазымы бойынша Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері болып табылады.

Қауіпсіздік Кеңесінің отырыстары Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының немесе Төрағаның уәкілеттік беруі бойынша Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің бірінің төрағалық етуімен өткізіледі. Қауіпсіздік Кеңесінің отырыстарын өткізу мерзімділігін Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы айқындайды.

Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының шешімімен Қауіпсіздік Кеңесінің жедел кеңестері Қауіпсіздік Кеңесінің жекелеген мүшелерінің қатысуымен өткізілуі мүмкін.

Қауіпсіздік Кеңесінің және Қауіпсіздік Кеңесі жедел кеңестерінің шешімдері қатысып отырған Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің жалпы санының қарапайым көпшілік даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған кезде төрағалық етушінің даусы шешуші болып табылады.

Қауіпсіздік Кеңесінің және Қауіпсіздік Кеңесі жедел кеңестерінің шешімдері Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы бекіткеннен кейін күшіне енеді, қажет болған кезде олар Президенттің актілерімен іске асырылады.

Қауiпсiздiк Кеңесiнің, сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесі жедел кеңестерінің шешімдері мiндеттi болып табылады және Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының, ұйымдары мен лауазымды адамдарының мүлтіксіз орындауына жатады.

Қауіпсіздік Кеңесінің қызметін ақпараттық-талдамалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуді Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты жүзеге асырады.

Қауіпсіздік Кеңесінің қызметін ұйымдастыру қажет болған кезде Қауіпсіздік Кеңесінің ведомствоаралық комиссиялары, Сарапшы кеңес, инспекциялық және жұмыс топтары, сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесінің жанында өзге де консультативтік-кеңесші органдар құрылуы мүмкін. Оларды құру, міндеттері, функциялары мен лауазымдық құрамы туралы мәселені Қауiпсiздiк Кеңесi Хатшысының ұсынуы бойынша Қауiпсiздiк Кеңесiнiң Төрағасы шешеді.

Қауіпсіздік Кеңесінің ведомоствоаралық комиссиялары, Сарапшы кеңес, инспекциялық және жұмыс топтары, сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесінің жанындағы өзге де консультативтік-кеңесші органдар Қауіпсіздік Кеңесінің отырыстары мен жедел кеңестеріне материалдар дайындайды, Қауіпсіздік Кеңесінің, Президенттің, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының тапсыруы бойынша талдау және зерттеу жұмысын орындайды, елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары бойынша Қауіпсіздік Кеңесіне ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейді.

Қауіпсіздік Кеңесінің және Қауіпсіздік Кеңесінің жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың қызметiн Қауiпсiздiк Кеңесiнiң Хатшысымен үйлестiріледi.

Қауіпсіздік Кеңесінің ведомоствоаралық комиссияларының, Сарапшы кеңестің, инспекциялық және жұмыс топтарының, сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесінің жанындағы өзге де консультативтік-кеңесші органдардың қызметін ақпараттық-талдау және ұйымдық-техникалық қамтамасыз етуді осы комиссиялардың жұмысына өз өкілдері қатысатын мемлекеттік органдар және ұйымдар, сондай-ақ Аппарат жүзеге асырады.

Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы лауазымы 1994 жылдан бастап бекітілді.

Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайтын және лауазымынан босататын, лауазымды адам болып табылады, ол Президентке тікелей бағынады және есеп береді. Қауіпсіздік Кеңесінің Аппаратын басқарады.

Одан бұрын Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы лауазымын атқарғандар:

Ә.Исекешев (2020 ж. қаңтар - 2022 ж. ақпан)

Қ.Қасымов (2019 ж. ақпан - 2020 ж. қаңтар)

Ғ.Байжанов (2018 ж. қыркүйек - 2019 ж. ақпан)

Н.Ермекбаев (2018 ж. сәуір - 2018 ж. тамыз)

В.Жумаканов (2016 ж. қыркүйек - 2018 ж. сәуір)

Н.Ермекбаев (2014 ж. қараша  - 2016 ж. қыркүйек)

Қ.Қожамжаров (2013 ж. қаңтар - 2014 ж. тамыз)

М.Тәжин (2009 ж. қыркүйек - 2013 ж. қаңтар)

Қ.Сүлейменов (2008 ж. тамыз - 2009 ж. қыркүйек)

Б.Имашев (2007 ж. қаңтар - 2008 ж. тамыз)

М.Тәжин (2006 ж. наурыз - 2007 ж. қаңтар)

Б.Өтемұратов (2003 ж. маусым - 2006 ж. наурыз)

О.Өксікбаев (2002 ж. тамыз - 2003 ж. маусым)

М.Тәжин (2001 ж. желтоқсан - 2002 ж. тамыз)

А.Сәрсенбаев (2001 ж. мамыр - 2001 ж. желтоқсан)

М.Тәжин (1999 ж. ақпан - 2001 ж. мамыр)

Б.Сәрсеков (1996 ж. қазан - 1999 ж. ақпан)

Б.Тұрсынбаев (1995 ж. қазан - 1996 ж. қазан)

Т.Жүкеев (1994 ж. қазан - 1995 ж. қазан)

Б.Баекенов (1994 ж. маусым - 1994 ж. қазан)


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару