Жаңалықтар

11 қыркүйек 2015
Қазақстан Президенті Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бесінші саммитіне қатысты

 

Саммит ақпарат саласындағы ынтымақтастықты дамыту тақырыбына арналды.

Іс-шара барысында Әзербайжан Президенті И.Әлиев, Қырғызстан Президенті А.Атамбаев, Түркияның Ұлы ұлттық жиналысының спикері И.Йылмаз, Түрікменстан үкіметінің вице-премьері С.Тойлиев және Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бас хатшысы Р.Гасанов баяндама жасады.

Қазақстан Президенті өз сөзінде Астанада өтіп жатқан мерейтойлық бесінші саммит түркі әлемі ықпалдастығы жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Түркі академиясы әзірлеген Түркі әлемінің интеграциясы тұжырымдамасын қабылдау мәселесін жеделдету қажеттігіне тоқталды.

Қазақстан Президенті болашақта Түркі кеңесінің БҰҰ және ИЫҰ жанындағы бақылаушы мәртебесін алуы ұйымға мүше елдердің ортақ мүддесіне сай келетінін айтты.

 Нұрсұлтан Назарбаев түркі әлеміне бүгінде жаһандағы түрлі геосаяси және геоэкономикалық өзгерістер ықпалын тигізіп отырғанын атап өтті.

Біз Сирияда, Ливияда және Иракта тезірек бейбітшілік пен тұрақтылық орнауына мүдделіміз, Палестина мен Израиль арасындағы ахуалдың реттелуін жақтаймыз. Ауғанстандағы ахуалдың тек бейбіт түрде қалпына келтірілуін қолдаймыз, – деді Қазақстан Президенті.

Бұл ретте Мемлекет басшысы террористік, экстремистік және сепаратистік қауіп-қатерлерді сейілту бағытында бірлесе күш-жігер жұмсаудың маңыздылығына назар аударды.

Сауда-экономика саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселесіне тоқтала келіп, Қазақстан Президенті Қытай, Ресей, Еуропа, Таяу Шығыс, Кавказ және Орталық Азия экономикалық және коммуникациялық желілерін жалғайтын құрлықаралық транзиттік көпірге айналу үшін Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің  барлық мүмкіндігі бар екенін айтты.

Каспий теңізінің транзиттік әлеуеті мен өткізу қабілетін арттыру қажет. Мультимодальды Еуразия трансқұрлықтық көлік дәлізін құру мәселесі өте өзекті болып саналады. Сонымен бірге, аяқталуға таяған «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік магистралі Еуразия кеңістігіндегі басты транзиттік арнаға айналатынына сенімдімін. Бұл – «Нұрлы жол» жаңа экономикалық  саясатының басты басымдығының бірі, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев көлік инфрақұрылымын жетілдіру түркітілдес елдерге туризм саласын дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Бірлескен «Түркі кеңесі – Заманауи Жібек жолы» туристік өнімін қолдауға шақырамын. Кеңеске мүше мемлекеттер бұл өнімді туризм саласындағы өздерінің ұлттық стратегиясына енгізуі қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесінің маңыздылығына тоқталды.

«Болашақтың энергиясы» тақырыбына арналатын бұл көрмеге барлық түркітілдес мемлекет белсене қатысатынына сенімдімін. Бұл көрмені осы саладағы әлемдік тәжірибені зерттеу және енгізу орталығын құру үшін пайдалану қажет. Алдағы уақытта әлемде арзан атом энергиясына сұраныс өседі. Соған орай, ядролық энергетиканы дамыту мәселесін де ұмытпаған жөн, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті түркі әлемінің білім кеңістігін қалыптастыру ісін жеделдету мақсатында Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетін түркі дүниесінің ортақ оқу орнына айналдыру қажеттігін атап өтті.

Мемлекет басшысы сондай-ақ Түркі академиясы әзірлеген XV ғасырға дейінгі түркі халықтарының тарихы туралы оқулық назар аударуға тұратын еңбек екенін атай отырып, осы оқулықты түркітілдес елдердің мектеп бағдарламаларына енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Нұрсұлтан Назарбаев түркі халықтарының адамзат мәдениетіне қосқан елеулі үлесіне де назар аударды. Осыған байланысты Қазақстан Президенті бай мәдени мұрамыз туралы ақпаратты «Аталар мирасы» деген атпен ғылыми еңбек түрінде жариялауды ұсынды.

Қазақстан Президенті былтыр халықаралық ұйым мәртебесін алған Түркі академиясы қысқа уақыт ішінде тиімділігі жоғары институтқа айналғанын атап айтты.

Академия ЮНЕСКО, ИСЕСКО сияқты халықаралық ұйымдармен байланыс орнатты, Халықаралық академиялар одағының мүшесі болды. ЮНЕСКО штаб-пәтерінде Қорқыт мұрасын арналған халықаралық форум өтті. Академия Астана экономикалық форумы аясында «Каспий транзиттік дәлізі» тақырыбына арнайы пікірталас ұйымдастырды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Әзербайжандағы Түркі мәдениеті және мұрасы қоры мен қырғыз тарапы бастамашылық еткен Көшпенділер өркениеті орталығы түркітілдес елдердің өзара ықпалдастыққа деген ұмтылысының айғағы екенін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев сондай-ақ Кеңеске мүше мемлекеттердің іскер топтары мен демеушілерін тарта отырып, Түркі интеграциясының ортақ қорын құру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Қазақстан Президенті түркі әлемінің ортақ ақпараттық кеңістігін қалыптастыру қажеттігіне тоқталды.

Ортақ түркі телеарнасын құру тұжырымдамасын қабылдау осы бағыттағы маңызды қадам болды. Келесі міндет – жобаны тиісті деңгейде жүзеге асыруды бірлесіп қамтамасыз ету. Сонымен бірге, түркі әлемінің мәдени-ақпараттық даму стратегиясын жүзеге асыратын беделді орталық құру мүмкіндігін қарастыруды да ұсынамын, – деді Мемлекет басшысы.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев қатысушыларға Кеңес аясындағы бастамаларға қолдау көрсеткені үшін алғыс айтты.

Саммитте қабылданған шешімдер түркітілдес мемлекеттердің қарқынды дамуына барынша ықпал ететініне сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.

Саммитке қатысушылар Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің келесі алтыншы саммитін 2016 жылы Шолпан-атада (Қырғызстан) өткізуді ұйғарып, оның тақырыбы ұлттық спорт түрлеріне арналады деп белгіледі.

Іс-шара қорытындысы бойынша Бесінші саммиттің декларациясына, сондай-ақ Түркі кеңесі бас хатшысының орынбасарын және Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президентін тағайындау туралы шешімдерге қол қойылды.

 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де кеңестер мен отырыстар
Барлық кеңестер мен отырыстар