National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Президент Әкімшілігі


Жаңалықтар

Президент Әкімшілігінің Басшысы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің ұжымына жаңа төрағаны таныстырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы болып Жандос Нұрланұлы Шаймарданов тағайындалды.

Президент Әкімшілігінің Басшысы Олжас Бектенов Агенттіктің жаңа төрағасы Жандос Шаймардановтың мемлекеттік сектор мен квазимемлекеттік компанияларда түрлі басшылық қызметтерді абыроймен атқарған білікті кадр екенін атап өтті.

Олжас Бектенов Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды міндеттер жүктегеніне назар аударды. Атап айтқанда, Агенттік «Пайым: Қазақстан – 2050» стратегиясын жаһандық үрдістерді ескере отырып, қайта жаңғыртуға, оны ел дамуының ұзақмерзімді басымдығын анықтайтын құжатқа айналдыруға мән беруі қажет. Сондай-ақ 2029 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарын әзірлеу үшін  сапалы сараптама және зерттеу жұмыстарын жүргізіп, түрлі саладағы қазіргі мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуын бағалауы керек.

Олжас Бектеновтің айтуынша, Агенттіктің стратегиялық реформалары Мемлекет басшысының Жолдауда айтқан тапсырмаларына сай келуге тиіс. Атап айтқанда, жаңа экономикалық модельге көшу жағдайында Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі әзірлеген бағдарламалардың мақсатты көрсеткіштерінде абстрактілі жетістіктер емес, азаматтардың тұрмысын жақсарту міндеті басымдыққа ие болуы қажет.

Стратегиялық құжаттарды әзірлеу  барысында әділдік, инклюзивтілік және прагматизм қағидаттарына негізделген елдің жаңа экономикалық бағытын басшылыққа алу керек.

Жолдауда көрсетілген экономикалық дамудың жаңа парадигмасы  аясындағы Агенттіктің стратегиялық әзірлемелерінде еліміздің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалану және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашу  аспектілері ескерілуге тиіс.

Жиын соңында Олжас Бектенов Агенттік ұжымына табыс тіледі.

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару